Ақшымырау ауылында 90 жылдық мерейтой аясында кешенді жобалар жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауапты тұлғалар ауылдағы "Айгөлек" бөбекжайына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ғимарат сыртын бояған. Есіктерін ауыстырып, қоршауын кеңейткен. Сондай-ақ балабақша ауласын жарықтандырып, кәріз жүйесін тазартқан. Кейбір бөлмелерге еден жылытқыш орнатып, еденге толықтай жаңа төсеме (линолеум) төсеген.
«Тобанияз Әлниязұлы атындағы мектептің шатыры, жылу жүйесі толық жаңартылып, ғимарат сырты әрленді.
Жаңа трансформаторлық қосалқы станция (КТП) қойылып, бейнебақылау камералары орнатылды, сондай-ақ, заманауи үлгідегі парталар мен көпсалалы панель тақталар алынды», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Осы кезге дейін өз алдына ғимараты болмаған ауыл әкімдігінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.
Сонымен бірге, мемлекттік сатып алу конкурс рәсімдері өткен балалар ойын алаңы, стрит-воркаут, ашық спорт алаңы, 2400 шаршы метр жерге саябақ құрылысы, уақытша қоқыс жинау орны, көше жарығы жобалары басталмақ. Аталған жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыланды. Мұндай жаңашылдықтар ауылдың 90 жылдық мерейлі мерекесіне тарту болмақ. Бұдан бөлек, түбектің түрлі саласында қызмет етіп жүрген ауыл азаматтары да ауылдың өсуіне үлес қосып келеді.
Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов ауылды аралап, жобаларды сапалы, мерзімді аяқтауды ауыл әкімі Абзал Қарақойшиевке тапсырды.
Айта кетейік, былтыр Маңғыстау ауданының - 95 жылдық мерейтойы аясында игі істер атқарылған еді. Ақшымырау ауылының - 90 жылдық мерекесі аясында да халыққа пайдалы жобалар жүзеге асып жатыр. Келесі жылы аудан халқына арналған игі істер Өтес ауылының - 60 жылдық мерекесі аясында жалғасын таппақ.