Мұнайлыдағы Маңғыстау ауылында
«Жанұя» орталығының жанынан отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қолдау орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Орталықтың ашылуына аудан әкімі Ержан Күмісқалиев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Серік Айдаров және депутаттар қатысты.
Дағдарыс орталыығының басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жанжалға тосқауыл қою, азаматтарға кеңес беру, психологиялық қолдау көрсету және отбасы инситутын жан-жақты нығайту. Мұнда отбасында әлімжеттікке ұшыраған, тұрмыс тәлкегіне ұшырап, отбасында теперіш көрген жандарға көмек көрсетіледі.
- Бұл орталықтың ашылуы көптен жоспарымызда болған. Ең бастысы жұртшылық үшін қолайлы орын табуды көздедік. Міне, ауданның орталығында және ардагерлер үйінің жанынан арнайы ғимарат алып, жөндеуден өткізіп, келушілер үшін ыңғайлы, жайлы орын ұйымдастырдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өтті. Сондықтан былтырдан бастап әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар ашуды тапсырды. Бүгін міне орталық есігін айқара ашып, пайдалануға берілді,-деді аудан әкімі Ержан Күмісқалиев.
«Жанұя» ғимараты 2020 жылы ашылған. Орталық директоры Майра Мамбетованың айтуынша, ашылғалы орталыққа 5 мыңнан астам адам жүгінген.
- Орталықтың басты мақсаты отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету. Ашылған күннен бастап мұнда 5 мыңнан астам адам жүгінді. 10 мыңдай мәселе қаралып, оның жартысы қолдау тапты. Бұл мәселелер: жұмысқа орналастыру, АӘК тағайындау, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету. Енді міне, зорлық-зомбылыққа қарсы орталық іске қосылды. Зәбір көрген келіншектер осында келіп, көмек ала алады. Полиция мамандары да атсалысады», - деді ол.
Орталықта заңгер, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істейді. Нысанның жұмысы бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ «Жанұя» мамандары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік бағдарламалар туралы ақпараттандырып, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі. Сонымен қоса заңгерлік және психологиялық кеңес, оңалту көмегін және басқа да қызмет түрлерін ұсынады.
Айта кетейік, «Жанұя» орталығы дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 09:00-18:00 жұмыс істейді.