Мұнайлы ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ескірген, қайта-қайта бұзылатын автобуспен қатынап, әбден қажыған. Бұл туралы олар Маңғыстау облысы әкімінің телеграм каналына жазып, шағымданып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мұнайлыда ауыл арасына қатынайтын №13 а автобустың ішкі жағдайы сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, екі күннің бірінде бұзылып қалады. Жарық сымдары ашық, еден жабындысы жыртылып жатыр.
- Неше жылдан бері №13 а автобус мәселесі шешілмей жатыр. Облыс әкіміне де, аудан, ауыл әкіміне де ескертіп келемін. Баяғы жартас, сол жартас, ештеңе өзгермейді. Бір ауылдан екінші ауылға қатынайтын оқушылар да, жұмысқа қатынайтын жолаушы көп. Сапасы жақсы, жаңа автобусқа қашан жетеміз? - дейді Мұнайлы тұрғыны.
Мұнайлы аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметінше, 2022 жылдан бері “Маңғыстау-Дәулет-Қызылтөбе” бағытындағы 13 А жолсапарын жеке кәсіпкер “NOMAD” ұйымдастырып жүр. Аталған жолсапардың шығындарын жеке кәсіпкер өз есебінен жүргізеді. Қазіргі таңда 2 автобус тұрақты түрде қатынайды. Алайда жолсапарды ұйымдастырудан түсетін табыс жеке кәсіпкердің шығынын өтемейді. Сол себепті автобустарды жаңартуға мүмкіндігі жоқ.
- Осыған орай ауданішілік қызмет көрсететін «Маңғыстау-Даулет-Қызылтөбе» бағытындағы №13А жолсапарына «Мұнайлы ауданы бойынша 2024-2026 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар автомобиль қатынастарының тізбесін айқындау туралы» мәслихат шешімінің жобасы әділет органдарынан келісім алынып, облыстық мәслихаттың қарауына жолданып, бекітілді. Алдағы уақытта субсидия төлеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде автобус парктерін жаңарту және санын көбейтуге мүмкіндік болады, - делінген Мұнайлы аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің хабарламасында.