Биыл Отпан тарихи-мәдени кешеніндегі «Бірлік отын» Мұңал ата ұрпақтары жақты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әр жыл сайын дәстүрлі келетін Амал мерекесі қасиетті мекен Отпантаудың басында ұйымдастырылып келеді. Былтыр «Бірлік отын» Тобыш ата зәузаты Мұңал ата ұрпақтарына табыстаған.
- Осы шараға бір кісідей ат салысып жатқан Маңғыстаудағы Мұңал ата ұрпақтары, барлық қазақ қауымы мерекені ауызбіршілікпен ұйымдастырып жатыр. Амалдан амалға аман-сау жете берейік! Жаңа жыл құтты, берекелі болсын, - деді «Мұңал ата ұрпақтары» қорының мүшесі Жармағамбет Айтуаров.
Отпан тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан «Амал — Алашқа ортақ мерекесіне» басқа өңірлерден де қонақтар келді.
- Отпан тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан «Амал — Алашқа ортақ мерекесіне» Жамбыл облысынан арнайы келіп отырмын. Жалпы 362 әулие жерленген құтты, киелі мекенге келу бұрыннан ойымда жүр еді.
Маңғыстау өңірі халқының ауызбіршілігі мен Амал мерекесін қарсы алуын көріп, таң қалып отырмын. Болашақта бұл мерекені тек батыс халқы емес, бүкіл еліміз тойласа екен деген тілек-ниетіміз бар. Біздің бағзы дәстүрімізді қайта жаңғыртып, тойлап келе жатырған Маңғыстау жұртына риза болып отырмын. Күшті әсерде тұрмын. Тек мұнда ауа-райы сәл салқын екен. Соған қарамастан, мерекені тойлап жатқан халықтың ықыласы-көңілі бізді марқайтты - деді Нұрислам Есқали.
Сондай-ақ Маңғыстауда тойланатын Амал мерекесін өз көзімен көру үшін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан мемлекеттерінен де қонақтар келген. Солардың бірі — түбі бір түрік ағайынымыз Мирфан Гурдалы.
- Мен өзім түркиялықпын. Маңғыстаудан бірінші рет келдім. Қазір Қырғызстан мемлекетінің астанасы Бішкек қаласындағы «Қырғыз-түрік Манас» университетінде жұмыс істеймін. Түркияда да наурыз мерекесі ертеден тойланады. Отпан тарихи-мәдени кешенінде Амал мерекесі жақсы тойланып жатыр. Мейрам құтты болсын! - деді Мирфан Гурдалы.