Амал мерекесіне орай бүгін бастау алған Отпан тау тарихи-мәдени кешеніндегі мерекелік шаралар ертең де жалғасын табады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Қарашаңыраққа” жиналған жұртшылық пен амал мерекесіне орай өзге өңірлерден арнайы келген қонақтар бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, өңір жұртшылығының қонақжайлылығын атап өтті. Маңғыстау өнерпаздарының сахналық қойылымдары мен ән-биін күннің суығына қарамастан көтеріңкі көңіл-күймен тамашалады.
Мерекеде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, қос ұлы - Әли Оқапов және Мәди Рымбаевпен бірге танымал әндерінен шашу шашты.
Мерекеге орай осы жиынға келіп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлаған өнерпазға өңір басшысы алғысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.
Жиналған жұртшылықты осынау мерекемен құттықтаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Амал күнінің маңыздылылығына тоқталды.
- Күннің райына қарамай, жақсылықты мерекелеуге бірлікпен жиналған ағайынның ауызбіршілігі ары қарай да мықты болсын. Амалды бізбен бірге тойлауға басқа мемлекеттен де қонақтар келіп, елімізге белгілі ел ағалары, құрметті қонақтар Маңғыстауға жиналды. Бүгін Ақтау қаласындағы “Достық үйінде” халқымыздың жасампаздығы мен ілгері жылжуына кедергі келтіретін жағдайларды қалай жоямыз деген ой-талқыға құрылған республикалық деңгейдегі ауқымды конференция өтті. Соның жалғасы ретінде қазір бірлік оты жағылады. Бәріміздің бірлікте болуымыз маңызды екені белгілі. Амал - баршамызды біріктіретін мереке болсын. Арнайы қонақ болып келген елге еңбегі сіңген азаматтар мерекенің жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында елдің дамуы үшін бірлік, тұрақтылық керек екенін айтудан жалыққан емес. Ол үшін ынтымағымызды жоғалтпауымыз қажет. Мереке құтты болсын, керегеміз кең, шаңырағымыз биік болсын, - деді Нұрлан Ноғаев.