Мүгедектерді оңалтуға қажетті техникалық құралдар мен қызмет түрлері мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.
Ол үшін өтініш берілуі тиіс.
Мүгедектер немесе олардың заңды өкілдері не құжаттарды ресімдеу құқығына сенімхат алған адамдар (өтініш беруші) тұрғылықты жері бойынша қажетті құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «электрондық үкімет» веб-порталы, ұялы байланыс абоненттік құрылғысы – проактивті көрсетілетін қызмет арқылы береді.
Өтініш беруші мемлекеттік қызметті алу үшін тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік корпорацияға өтінішпен және «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» ҚР заңына сәйкес ұсынылатын мүгедек адамның жеке басын куәландыратын құжатпен не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатпен жүгінеді.
Инватакси қызметін алу үшін өтініш беруші немесе оның заңды өкілі жеке басын куәландыратын құжатпен бірге өтінішті немесе электрондық цифрлық құжаттама қызметінен электрондық құжатты және жеке оңалту бағдарламасынан үзінді көшірмесін аудандық-қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келесі күннен кешіктірмей тапсыруы қажет (өтініш жасалғанға дейін бір күн бұрын).
Протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге жол жүрумен, өнім жеткізушісінің медициналық стационарға жатқызумен, протездеу уақытында болуымен байланысты шығыстарды өнім беруші мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төлейді.
Жол жүру (өнім берушіге дейін және кері қарай) темір жол бойынша қатты плацкарт вагонының, купе вагонының (жұмсақ дивандары төмен орналасқан екі орындық купелі, жатын вагонының жағдайын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолары бар вагондарды қоспағанда), мүгедектерге арналған және әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жол жүруге жеңілдігі бар мамандандырылған вагонның, су жолдары бойынша – екінші сыныпты тариф бойынша, шосселік немесе топырақты жолдар – ұсынылған билет немесе теміржол вокзалының, автовокзалдың, кемежайдың кассасы берген жол жүру құны туралы анықтама негізінде белгіленген тарифтер бойынша өтеледі.
Протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге алушылардың жол жүруіне ақы төлеу, шығыстары тек бір жол жүргені үшін өтелетін ұсақ протездік-ортопедиялық құралдарды алушыларды қоспағанда, жылына кемінде екі жол жүргені үшін жүргізіледі. Бірінші топтағы мүгедектерге немесе мүгедек балаларға ілесіп жүрушілерге протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге бір ғана жол жүру шығыстары өтеледі.
Санаторий-курорттық емделу күнтізбелік жылда бір реттен артық емес он төрт тәуліктен аспайтын мерзімге беріледі. Ал жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің қызметі көрсетілсе, есту қабілеті бұзылған адамдарға ымдау тілі қызметі ұсынылады.