Соңғы 13 жылда теңіздің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі 1 жарым метр төмендеп, жағалау 25 мың шаршы шақырымға тартылған. Бұл жағдайға экологтар алаңдаулы. Каспий Арал тағдырын қайталауы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда,деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жыл өткен сайын Каспийдің табаны құмға, жиегі қайраңға айналып барады. Жағалауы суалып, тереңдегі тастары шығып жатыр. Әлеуметтік желідегі түрлі кадрлар бейнежазба соны айқындайды. Ресми дерекке сүйенсек, судың тартылуы 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Экологтар Каспийдің шегініп кетуін теңізге құятын Еділ мен Жайық суының мөлшері азаюымен байланыстырады.
- Ресей аумағындағы өзен бойында су қоймалары көптеп салынып жатыр. Яғни, сол жақта қалып қоятын су мөлшері жыл санап ұлғайып келеді. Сондықтан, теңізге мейлінше көбірек су жіберу бойынша 2 мемлекет келісімге келуі керек. Осыған дейін Ресей мен Қазақстанның эколог-мамандары кездесіп, пікірлесті. Жайықтың суын көбейтуді сұрадық. Алайда, олар Жайық бойындағы халықтың 6 есеге көбейгенін алға тартты,деді эколог Орынбасар Тоғжанов.
Бұл пікірге эколог Кирил Осин де қосылады. Оның айтуынша, Жайықтың суынан бөлек, басқа да ағыстар тоқтап қалды.
- Әлемде климаттың өзгеруімен ауа-райы өзгерді. Мұның Каспийге де кері әсері бар. Теңізге 140-қа тарта өзен құйды. Қазір кейбірі мүлдем тартылып қалды. Бұл, дабыл қағатын жайт,-деді Кирилл Осин.
Теңіздің тартылуы тұрғындарды да бей жай қалдырмайды. Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев осы жағдайды түсіріп, әлеуметтік желіге салып жүр. Айтуынша, қазірден бастап дабыл қағу керек. Себебі 2030 жылға дейін су әбден азаюы мүмкін.
- Ғалымдар Каспий 2030 жылы қайтадан толады деп пікір білдірген екен. Алайда, оған кім кепіл? Алдағы уақытта судың таяздығынан экологиялық мәселеден бөлек, экономикалық мәселе туындайды. Үлкен кешенді жоспар керек. Ресейден келетін өзендерді ашу керек. Каспийдің таяздануына әсер ететін фактор көп. Ірі өндірістерді де айтуға болады. Қарапайым халықтың қолынан мәселені көрсету және көтеру ғана келеді. Назар аударайық,-деді Азамат Сәрсенбаев.
Азамат Сәрсенбаев Каспийдің тартылуы теңізді тұщытып, тіршілік нәріне пайдаланып отырған маңғыстаулықтарға қиындырық тудыратынын атап өтті.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер де зиян шеккен.
- 12 жылдан бері су үсті көліктерінің бизнесімен айналысамын. Бұрынғы қайықтардың суға бататын тереңдігі биік еді. Қазір олар жағажайға кіре алмайды. Босқа тұрып қалды. Жаз бойы төмен қайықтарды алдырдық,деді кәсіпкер Андрей Чулаков.
Алайда, Каспийдегі теңізшілердің де айтары бар. олар бұл табиғи құбылыс,дейді. Мәселен, жарты өмірін теңізде өткізген Сергей Кулькин 77-жылдан бастап Каспийдің суы тола бастағанын айтады. 1-шағынаудандағы яхт-клубтың жағасын су басып қалған. Ал, 2 мыңыншы жылдан кейін су қайтадан түсіп бастады,-дейді.
- Бұрын осы жерде Фетис айлағы болған. Қазір дым жоқ, тек темірлерініің қалдығы көрініп тұр. 2 мыңыншы жылға дейін су деңгейі көтерілді. Кейін қайтадан түсіп бастады. Бұл арнайы маусымдық құбылыс деп ойлаймын. Арасына уақыт салып, суа тартылып отырады, - деді теңізші Сергей Кулькин.
Айгерім Ашықбаева