Маңғыстаулықтар балаларына туу туралы куәлік ала алмай әбігерге түсіп жатыр. Мұнайлы ауданының тұрғындары жарты жыл бойы осы мәселемен арпалысып келе жатқандарын айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Былтыр шілдеде «Неке және отбасы туралы» Кодекске өзгеріс енгізіліп, құжаттар электронды түрде беріле бастаған. Ал бұрынғыдай қағаз құжат тек аса қажетті жағдайда берілетін болыпты. Халық электронды құжаттың барлық жерде жарамды бола бермейтінін айтады. Сәби ауырып қалған жағдайда ауруханаға немесе басқа өңірге барып ем алу үшін түпнұсқа құжат керек болады деп отыр.
- Жаңа туған балаға куәлік берілу керек, болмаса альтернативті шешімін табу керек. Халыққа қызмет көрсету орталығына келсек куәлікті Еговтан аласыз, банк қосымшаларынан аласыз деп ақ парақ береді. Ол баланың туғаны жөніндегі анықтама ғана. Ал ол құжат емес, яғни түпнұсқа құжат болып есептелмейді, - дейді Мұнайлы ауданының белсендісі Майра Мәмбетова.
Ал көпбалалы отбасылар міндетті әлеуметтік көмекті алу үшін де, кез келген жерге барып құжат өткізу үшін де баланың электронды құжаттары жарамсыз екенін айтып отыр. Дегенмен цифрлық даму министрлігі азаматтар кез келген құжаттың электронды нұсқасын барлық жағдайда қолдана алатынын мәлімдеді. Министрлік мамандары өткен жылдың маусымында ел президенті цифрлық құжаттарға қатысты заңға қол қойғанын айтады. Сондай-ақ бұдан былай цифрлық құжаттар қағаз құжаттармен теңдей саналатынын жеткізді.
- Яғни сізден балабақша немесе мектеп құжаттың түпнұсқасын талап етуге құқығы жоқ. Егер де қабылдамаған жағдайда, қабылдамау фактісін сіз егов мобайл қосымшасындағы көмек бөлімі арқылы бізге жолдай аласыз. Біз сәйкесінше сіздің шағымызды жергілікті атқарушы органдарға жолдайтын боламыз, - деді ҚР Цифрлық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы Аяулым Оразова.
Махаббат Нұржанқызы