Ел аумағында бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мұнайлы ауданында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілген болатын. Аталған акцияға аудан бойынша 2000-ға жуық қызметкерлер мен тұрғындар қатысты. Олардың қатарында Маңғыстау ауылы бойынша 13 үйдің тұрғындары да бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар аулаларына қайың, қаратал, шырша, алма, жүзім, ерік, алмұрт ағаштарын еккен. Сондай-ақ, подъездеріне де тазалық жұмыстарын жүргізіп, тапшандар орнатқан.
- Мұнайлыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 800 кубқа жуық қоқыс шығарылып, 900-ға жуық ағаштар егілді. Ауданымызда тазалыққа үгіттейтін іс-шаралар жиі өткізіліп отырады. Оған тұрғындар белсенді қатысады. Тазалықты сақтау тек белгілі бір адамның мойнында емес. Оған барлық тұрғындар атсалысуы қажет, - деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев.
Жанұзақ Көпболов 2014 жылы Маңғыстау ауылында 13 тұрғын үйге қоныстанған. 2015 жылдан бастап аулаға ағаш егіп, оны күтіп-баптап, суару жұмыстарының басы қасында жүргендердің бірі. Оның айтуынша, алғаш рет қаратал ағашын еккен.
- Тұрғын үй ауласын жасыл желекпен көмкеріп, жайлы атмосфера қалыптастыру әрі үйдің сыртқы келбеті үшін 9 жыл бұрын осы істі қолға алдым. Көршілерім де бір ауыздан қолдады. Бау-бақшаны суарып, төрт түліктен қорғап жүреміз. Кешкі уақытта тұрғындар тапшанда отырып әңгіме-дүкен құрады. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Бұл іс көпке үлгі болатынына сенімдімін, - деді Жанұзақ Көпболов.