
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жас кәсіпкерлері сыйға тартқан 50 түп жас тал отырғызды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған мектептің жоғары сынып оқушылары білім ұясының алдындағы аллеяға ағаш отырғызу жұмыстарына белсене атсалысты. «Arabica» және «Tapioca» кофехана желісінің негізін салушы жергілікті кәсіпкерлер шаһарымызды көгалдандыру үшін 50 түп жас шыбықты сыйға тартты. Жас кәсіпкерлер қала әкімдігіне игілікті іс жасап, ағаш отырғызу үшін жер учаскесін бөлу туралы өтініш білдірген. Әкімдік те оң жауап берген. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова да аталмыш экологиялық бастамаға қолдау білдіріп, ағаштарды отырғызу жайлы Назарбаев зияткерлік мектебінің эко ұйымымен келісімге келген.
«Мен өзім Ақтаулықпын. Қазір әріптесім екеуміздің қала бойынша 10, басқа елдімекендерде 5 кофехана желіміз бар. Мақсатымыз – жастарға қаламызда өз кәсібіңді дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсету. Біз белсенді әлеуметтік жобаларға қатысып тұрамыз. Мәселен, өткен аптада жастар арасындағы еркін күрес бойынша өткен жарыстарға демеушілік жасадық. Бүгін «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында 50 түп ағаш сыйлауды жөн көрдік. Біз отырғызу үшін аз күтімді қажет ететін, құрғақ, ыстық климаттық жағдайларға бейімделген ағаштарды таңдадық. Алғашында осы ағаштарымызды отырғызу үшін әкімдіктен жер бөліп беруін сұрадық. Әкімдік Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдындағы аллея аумағына ағаш егуімізге болатынын айтты. Біз қала жастарынан табиғатымызды қорғау жайын, оның дамуына атсалысуларын, өсіп-өркендеуіне біздің ғана жанымыз ашитынын айтқымыз келеді, - дейді Арабика кофеханасының басшысы Байдәулет Қалилов.
МО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова да осы шараға қатысты.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қала кәсіпкерлері 50 түп ағашты сыйға тартты. Жаңа өскін жас талдар мектеп аллеясына жаңа көрік берді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл облысымызда 15 000-ға жуық ағаш отырғызып, 600 тонна қоқыс шығарылды. Осы бағыттағы сенбіліктерді жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы аптадағы сенбілік барысында қаланы абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолағын жаңарту, автовокзалдар, саябақтар, бизнес-орталықтар аумағын тазарту сынды жұмыстар жүргізіліп, скверлер мен шамдар жөнделетін болады. Сондай-ақ, осы акция аясында екі лота грантын тағайындап отырмыз. Оның біріншісі, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, екіншісі, ауыз суды жүйелі пайдалануға байланысты. Кешеден бастап біз «менің эко-әдеттерім» акциясын бастадық. Instagram әлеуметтік желісіндегі оқырмандарымыз 30 мамырдан 5 маусымға дейін осы акцияға қатыса алады. Шарттары Эко-Маңғыстау сайтында жазылған. Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін жақсы жағдай жасауға тырысамыз, - дейді Әсел Аманбекқызы.
Бүгінгі шараға математикадан халықаралық олимпиадалардың чемпионы, НЗМ мектебінің эко-көшбасшысы Дамир Нұрланұлы да қатысты.
«Біз әр маусым сайын өз мектебіміздің аумағында, мектебіміз орналасқан жалпы шағынауданда да сенбіліктер жұмыстарын өткізіп тұрамыз. Қала жастарының бізге қосылуын сұрағым келеді. Өйткені біз табиғатты аялап, көбірек ағаш отырғызуымыз керек. Бұл – Win-Win! - дейді орта мектеп оқушысы.