
Ақтауда 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Жалау Мыңбайұлы және Тобанияз Әлниязұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға сала ардагерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес, «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, қоғам белсенділері, Тобанияз Әлниязұлының ұрпақтары мен қала жастары қатысты. Қатысушылар қоғам қайраткерлерінің, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
- 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Жалау Мыңбайұлы, Тобанияз Әлниязұлы, Смағұл Сәдуақасов, Төлесін Әлиев, Зұлқаш Баймырзаев және тағы да басқа қоғам қайраткерлерінің ел игілігі үшін жасаған еңбектері ұшан-теңіз. Осы батыр бабаларымыздың жасаған ерлігін жас ұрпаққа жеткізіп, әрдайым ұлықтап отыруымыз керек, - деді Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев.
Жалау Мыңбайұлы 1905-1908 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы мектепте білім алған. Өз ұлтын шексіз сүйген қайраткер 1926 жылы «Ауыл тілі» атты республикалық газеттің жарық көруіне тікелей атсалысқан. Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл қызметте жүріп елдегі барлық басқару органдарын жергіліктендіру ісіне басшылық жасаған. Сонымен қатар, Алаш ордасының арда азаматы халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салды.
Ал Тобанияз Әлниязұлы бастауыш білімін діни мектепте алған. 1918-1923 жылдары Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы болды. Тобанияз Әлниязұлы қазақтар мен түркімендердің арасында достық қарым-қатынастың қалыптасуына күш салды. Сонымен қатар, екі халық арасындағы келіспеушіліктерді әділ түрде шешуге атсалысқан.