Республикалық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті. Маңғыстау облысынан қатысқан «Көкмойнақ» командасы мәре сызығына екінші болып келді. Олар жарыс жолын 33 сағат 5 минутта жүріп өткен. Жүлдегерлер қайтар жолда Маңғыстаудың алғашқы кірер қақпасы Бейнеуде аялдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Команда мүшелерін, атбегілері мен шабандоздарын Бейнеу ауданының басшылығы, ақсақалдар, өнерпаздар мен тұрғындар құшақ жая қарсы алды. Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев Көкмойнақ командасын жеңісімен құттықтап, алғысын білдірді.
- 5 күнге созылған марафон-бәйгеде жерлестеріміз «Көкмойнақ» командасы мәреге екінші болып жетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 500 шақырымды еңсеріп, шашасына шаң жұқтырмай келді. Бұл - үлкен қуаныш. Марафон-бәйге арқылы Адай жылқысы бүкіл әлемге танылды. Бұл отандық спорт тарихында қалатын, халықтың мақтанышына айналатын оқиға», – деді аудан әкімі.
Маңғыстау Жорық федерациясының Президенті, Көкмойнақ командасының басшысы Исенбай Қалдаманов пен «Көймойнақ» командасының мүшесі, бейнеулік Нұрбол Бурин жорық кезіндегі қызықтар, жарыс барысы туралы атап өтіп, күтіп алған аудан тұрғындарына ризашылықтарын айтты.
Үшінші маусымға барлығы 19 команда қатысқанымен, олардың тек 11-і ғана жарыс қашықтығын толық жүріп өте алды.
Жеңімпаздар қатарынан көрінген «Көкмойнақ» командасы 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына жолдама алып, үлкен додада бақ сынайтын болады.
Айта кетейік, Павлодар-Астана бағытында бес күнге созылған бәйгеде жорықшылар 500 шақырымды жүріп өтті.