ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Маңғыстау облысының шекарасы өзгерді. Егер бұрын Маңғыстаудың шекарасы Каспий теңізінің жағалауымен шектелсе, қазір аймақ территориясы 12 милге немесе 1 638 837,5 гектар аумаққа ұзарды. Бұл аумақ шамамен 13 812 шаршы шақырымды алып жатқан Черногория ауданының территориясына тең.
Шекараны кеңейтудің басты себебі - Каспий итбалығы үшін мемлекеттік табиғи резерват құрумен байланысты. 2022 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берген еді.
Итбалықтарды қорғауға табиғи резерват құру қалай ықпал етеді?
Ғалымдар Каспий итбалығы аз зерттелген жануар түрі екенін бірнеше рет атап өтті. Оны сақтау үшін сарапшыларда итбалықтың саны, жасы мен өлшемі, туу мен өлім көрсеткіштері, тамақтану және т.б. туралы нақты деректер болуы керек. 2020 жылдан бастап Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енгізілді, бұл зерттеулерді қиындата түсті.
- Каспий итбалығы су мен құрлықта қатар өмір сүреді. Мекен ететін жерлері итбалықтар үшін өте маңызды: мұнда олар солтүстік Каспийдің мұзын мекен етіп, қоректенеді және көбейеді. Итбалықтар үшін қауіпсіз жер табу қиын. Қайықтар, кемелер, балықшылар және туристер жануарларды жаңа, алыс жерлерді іздеуге мәжбүрлейді. Сондықтан Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құру маңызды, - деді Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Маңғыстау облысының Каспий теңізіндегі әкімшілік шекарасын 12 мильге кеңейту де балық аулауға тиімді болды. Балық шаруашылығына қатысты өзекті мәселе - өнімді қабылдау пунктерінің аздығы болып отыр.
Каспий теңізіне қамқорлық
Соңғы жылдары Каспий теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі ерекше өзекті. Бұл бірегей су қоймасы өзінің көмірсутекті ресурстарымен және әлемде теңдесі жоқ биологиялық әртүрлілігімен ерекшеленеді.
Каспий - әлемдегі ең көне мұнай өндіру бассейні. Әзірбайжанда, Апшерон түбегінде мұнай өндіру 150 жылдан астам уақыт бұрын басталған.
Маңғыстауда Каспий теңізінің халықаралық мәртебесіне байланысты бұрын басқа мемлекеттердің келісімінсіз жағалау аймақтарын тазарту жұмыстарын жүргізе алмады. Алайда, Каспий теңізінің бір бөлігін Маңғыстау облысының аумағына қосу бұл мәселені шешті.
- Енді біз иесіз қалдықтарды, соның ішінде облыс шегінде орналасқан мұнай танкерлерін тани аламыз, оларды теңгерімге алып, қауіпсіз кәдеге жарата аламыз. Бұл өзгеріс бізге теңіз фаунасының құрамын жақсартуға және жағалау аймақтарын тазартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз Каспий теңізінің биоәртүрлілігін, флорасы мен фаунасын сақтауға көмектесетін сүңгуірлік және экологиялық парктерді дамыта аламыз, - деп түсіндірді Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова.
Туризмді дамыту
Маңғыстау облысының туризм басқармасының айтуынша аймақ шекарасын кеңейту стратегиялық маңызды шешімдердің бірі болып есептеледі.
- Каспий теңізі аумағын 12 теңіз миліне дейін кеңейту туризм саласымен қоса өңіріміздің экономикалық дамуы үшін үлкен перспективаларға жол ашпақ. Яғни, еліміздің туристік саласын дамыту үшін 2023-2029 жылдарға құрылған жоспарында бекітілген негізгі инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндік арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа яхталық айлақтар мен қонақ үй құрылыстары жүргізіледі, - деді өңірлік туризм басқармасының басшысы Нұраділ Иманғалиев.
Кәсіпкер Сергей Ворожейкин жергілікті атқарушы орган бұдан былай жағалаудағы инфрақұрылымды құру үшін жер телімдерін басқару мүмкіндігіне ие болатынын, бұрын осы мәселеде кедергілер болғанын жеткізді.
– Бұрын бұл жерлер біздің мемлекетке тиесілі болғанымен, облысымыздың жер балансында болмаған. Сондықтан бұл қаулымен аталған аумақ облыстың, кейіннен қала әкімдігінің қарамағына берілді. Кейіннен қала әкімдігі де, облыс әкімдігі де бұл жерлерді жағалау инфрақұрылымын құру үшін басқара алады. Бізде кемелерге арналған айлақтар жоқ, тұрақтар немесе қоймалар салу мүмкіндігі болмады. Аталған қаулы айлақтар, пирс және өзге де жағалау құрылыстарын салуға мүмкіндік береді. Бізде қазір заңнамада қайшылықтар бар. Жағажайлар мен демалыс орталықтары акваторияға жауапты болуы керек. Олар жағалауларды тазалауға, шомылу аймағын қоршау үшін арнайы құрылымдарды орнатуға міндетті. Осылай болса, бізде қайшылықтар болмайды», - деп түсіндірді кәсіпкер Сергей Ворожейкин.
Инвестиция тарту мүмкіндігі туралы
Ақтау теңіз сауда портының бас инженері Әмір Атамбаев Маңғыстау облысының шекарасын кеңейту өңірдің инвестиция тартуға оң әсер ететінін айтады. Оның айтуынша, шекараның өзгеруі Ақтау теңіз сауда портын оңтүстік бағытта кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл – порттың инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ оның өткізу қабілетін кеңейтуге және аумақты ұлғайтуға жақсы мүмкіндік.
- Портқа іргелес аумақ арнайы экономикалық аймаққа кіреді деген үміттеміз. Ал теңіз порты қазірдің өзінде осы аймақта . Бұл өзгеріс шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етпек. Өйткені бізге теңіз инфрақұрылымын дамыту қымбатқа түседі. Сондықтан уақыт өте келе Ақтау портының айналасында off-dock терминалдар желісін құруға болады деп үміттенеміз. Сол арқылы Ақтау портына Еуропа елдері мен АҚШ-тағыдай жүк ағынын қалыптастыра алатын шетелдік инвесторлар есебінен жүк айналымын тарта аламыз, - деп түсіндірді Әмір Атамбаев.
Бүгінде Ақтау портын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, уәкілетті органдардың қарауына жіберілген.
- 2025 жылға қарай Ақтау портының акваториясының түбін тереңдету жүргізіледі деп болжап отырмыз. Ал одан алынған топырақты оңтүстік бағыттағы жаңа аумақтарды кеңейтуге пайдалануды жоспарлап отырмыз, - деп қорытындылады порттың бас инженері.
Айта кетейік, тереңдету жұмыстары әлеуетті инвесторлардың дайын жер учаскелеріне келіп, қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.