Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар тығырыққа тірелді. Өйткені көлік министрлігі Түркіменстан мен Қазақстан шекарасындағы Кеден бекетінен тіркемемен жүк тасушылардың қызметіне тыйым салған. Жүргізушілер бұл бұйрыққа наразылық білдіріп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Атамекен өңірлік кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркия, Иран, Түркіменстан тауарлары Қазақстан мен Түркіменстан шекарасындағы Темір баба кеден бекетіне келіп тоқтайды. Шекарадағы шетелдік тіркемені 400-ге жуық маңғыстаулық жүк тасымалдаушы өз көліктеріне тіркеп, Ақтау мен Ақтөбеге жеткізіп береді. Жаз мезгілінде 500 мың тоннаға дейін жүк таситын жүргізушілер енді нәпақасыз қалған.
- Жүк тасымалдаушылар ешкімнен жұмыс сұрап отырған жоқ. Жүк көлігін несиеге алып, жұмыс істеп келеді. Мәселені шешіп беруін сұраймыз. Бұл мәселені былтыр да көтердік. Сол кезде құзырлы орындар бұйрықтың орындалуын бір жылға шегерген еді, - дейді жүк тасымалдаушы Марат Найзабеков.
- 70-80% тасымалдаушы «Дамудан» ақша алдық. Егер мәселе шешілмесе көлігімізді сатуға тура келеді. Одан бөлек өңірге шетелден азық-түлік те жеткізілмей қалады,- деп атап өтті жүк тасымалдаушы Медет Қадыров.
Мәселені шешу үшін министрлік пен Мәжіліс депутаттарының, құзырлы органдардың есігін қағудан шаршадық дейді жүргізушілер. Олар бұйрықтың орындалу мерзімін ұзартып, немесе күшін түбегейлі жойып, мәселені толық шешуді сұрайды. Сол себепті наразылық білдіргендер Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.
- Осы мәселеге жауапты құзырлы органдардың барлығын шақырып жиналыс өткіздік. Хаттамасы жасақталды. Оны тиісті министрлікке жолдаймыз. Одан әрі Үкіметке жеткізіп, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етіп, тасымалдаушылар мен билік ортасына көпір боламыз,- деп түсіндірді ӨКП облыстық көлік және логистика кеңесінің төрағасы Дмитрий Донских.