Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті былтыр күзгі мерзімді әскери шақыртудың жоспарын толық орындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылы күзгі шақырту бойынша облыстан әскерге 604 азамат аттанған. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Руслан Балтеміров Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевтің қабылдауында айтты.
Маңғыстауда облысында былтыр күзгі шақырту бойынша әскерге аттанған 249 азамат ҚР Қарулы күштеріне, 120 - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 228 - ҚР Ұлттық ұланына және 7 азамат ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді. Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Руслан Балтеміровтің айтуынша, әскери борышын өтеп келген азаматтарға бірқатар жеңілдік қарастырылған.
- Әскери борышын өтеп келген азаматтарға ҰБТ және оқу орнына түсу емтихандарын тапсырмай, жоғары оқу орындарына орналасу секілді жеңілдіктер бар. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген азаматтардың әскери дайындығы да бағаланады. Жақсы көрсеткіш көрсеткен жауынгерлер Қорғаныс министрлігі жанынан бөлінген арнайы гранттарға ие бола алады. Биыл көктемгі әскери науқан 1 наурыз бен 30 маусым аралығында өтеді, - деді Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Руслан Балтеміров.
Ал Ақтау қаласы бойынша былтыр күзгі әскери науқанға 164 азамат шақыртылды. Оның ішінде 67 азамат - ҚР Қарулы күштеріне, 34 - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне, 61 - ҚР Ұлттық ұланына және 2 азамат ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.
Қала әкімі Ұлықбек Тналиев Ақтау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Нұрлан Танбаевқа көктемгі мерзімді әскерге шақырту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.