Маңғыстаулық ұстаздар математика пәні мұғалімдеріне арналған «Математикалық регата» республикалық олимпиадасынан 1-орын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, сайысқа республика бойынша білім беру ұйымдарының математика пәні мұғалімдерінен құралған 22 команда қатысты. Олар төрт кезең бойынша сынға түсті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының «МАҢҒЫСТАУ» командасы I дәрежелі дипломмен марапатталды.
- Команда құрамында 4 ұстаз бар. Олар Ақтау қаласы №17 мектебінің мұғалімі Алибек Ураков, Ақтау қаласы, «Metaschool» жеке меншік мектебінің мұғалімі Бауыржан Кубейев, Ақтау қаласы Білім инновация лицейі Ернар Бимұханбет, «Жас – Қанат мектеп – лицейі» жекеменшік мектебі Айтымбет Рахметуллаев. Аталған ұстаздар математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығына мүше. Қауымдастықтың ұйымдастыруымен «Күніне бір есеп», «Математикалық прогрессия» жобалары тұрақты түрде облыс көлемінде 4 жылдан бері өткізіліп келеді, - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.