© Arhiv
Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе 2 ауылдық округінің тұрғыны өз үйінінің жанындағы қоқыс алаңы мен газ ГРП қондырғысынан бөлінетін жағымсыз иіске шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің телеграм арнасына шағымын жазған тұрғынның сөзінше, бұл жерге қоқыстар бірнеше жылдан бері үздіксіз төгіліп келген.
«Үйіміздегі үлкен адамның айтуынша, арасында белгісіз көліктер төгіп кетеді екен. Одан бөлек қоқыс жанындағы газ ГРП қондырғысының иісі қатты шығады. Жаздыгүні қоқыс пен газдың жағымсыз иісі қосылып, мазамызды алады. Бала-шағамыз осыдай ауру табуы мүмкін. Осы мәселеге назар салып, шара қолдансаңыздар екен», - дейді тұрғын.
Қызылтөбе ауылдық округінің баспасөз қызметінің айтуынша, бұл аумақтағы қоқыстар жер учаскесінің иесі тарапынан жерін тегістеу мақсатында төгілген.
«Осыған дейін жер иесіне ескертіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді, бірақ, араға уақыт салып қайта қоқыс төгіліп жатыр. Алдағы уақытта учаскелік инспектормен бірлесіп, қоршаған ортаға зиян келтіретін қоқыстарды төгу фактісі бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ал, газдың ГРП қондырғысындағы иіс бойынша "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Мұнайлы бөлімшесі тарапынан анықтау жұмыстары жүргізілді. ГРП қондырғысынан бөтен иіс анықталған жоқ», - деді Қызылтөбе ауылдық округінің баспасөз қызметі.