Маңғыстау облысынан 31 делегат Иран Ислам Республикасына жол тартты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаевтың айтуынша, маңғыстаулық делегаттар қазір Мазандаран провинциясында жүр.
«Іссапарға Маңғыстау облысынан 31 делегат барды. Делегаттар жергілікті провинцияларды аралап жүр. Иран өңірлерін аралауымыздың себебіміздің бірі – жергілікті Иран жұртына қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау. Қатарымызда Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы мен депутаттары, біршама кәсіпкерлер бар. Иран Ислам Республикасында жеміс-жидек өсіру, құрылыс саласы, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы өте жақсы дамыған. Осының бәрін өз көзімізбен көріп, тәжірибе алмасып, жинаған тәжірибемізді Маңғыстау жерінде жүзеге асыру басты мақсатымыз», - деді Маңғыстау облысы мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев.