Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының 5 орамында спорт алаңы салынады. Бұл туралы ауыл әкімі Еркебұлан Жәнібек мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыған дейін елдімекеннің 5 орамында жаңадан берілген балалар ойын алаңы мен воркаут жанынан футбол алаңын салу жоспарлануда.
Ауыл әкімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта мемлекеттік портал goszakup.kz порталы арқылы төмен баға ұсыну әдісімен жұмыстар жүргізілуде.
-Биылғы жоспар бойынша тағы бір жаңа алаңды жабдықтауды бастаймыз. Бұл - ауылымыз үшін қуанышты жаңалық. Қазіргі таңда ауыл бойынша 5 спорт алаңы бар. Барлығы ағымдағы жөндеуді қажет етеді. 2024 жылы сол алаңдарға жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім берілді. Алдағы уақытта рет-ретімен сол ойын алаңдарына да жөндеу жүргіземіз. Осы кезге дейін ойын алаңдарын салу секілді бірнеше ұсыныстар ауыл және аудан әкімдігіне айтылып келді. Осы мақсатта жұмыстарды бастап жатырмыз. Осы ретте айта кететінім, ауыл аумағындағы кәсіпкерлерді сол жұмыстарға портал арқылы қатысуға шақырамыз, - дейді ауыл әкімі.
Жоба аясында биіктігі 6 метрді құрайтын қоршау, жасанды газон төсеніштері, жарық шамдары қарастырылған.