Бүгін Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері Бейнеуге жол тартты. Олар су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дәрігерлер қатарында трамвтолог, терапевт, эндокринолог, уролог, хирург мамандары бар. Су тасқынынан зардап шеккендер невропатолог, реаниматолог және психологтың көмегіне жүгіне алады.
Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Абдуллаевтың айтуынша, медициналық мекеме 140 төсек-орынға есептелген, бірақ жағдайға байланысты олардың саны 300 бірлікке дейін артады.
- Жағдайға байланысты қосымша төсек-орын қарастырылған және Боранқұл ауылдық ауруханасында да 30 төсек-орын бар. Олардың саны 100 төсекке дейін артатын болады. Бейнеу аудандық ауруханасының штат саны 122 адамды құраса, Боранқұл ауылында 8 адамды құрайды, - деді Берік Абдуллаев.
Сондай-ақ, дәрігер екі аурухана дәрі-дәрмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, медициналық препараттардың тапшылығы жоқ екенін айтты.