Төтенше жағдайға байланысты емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық ауруханада ем алып жатқан 70 науқас Бейнеу аудандық орталық ауруханасына көшіріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар 14 жедел-жәрдем реанимациялық автокөлігімен және 50 адамдық екі икарус көлігімен тасымалданады.
- Қазіргі уақытта ауруханада 77 науқас ем алып жатыр. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көршілес облысқа тасымалдап жатырмыз. Аурухананың жан сақтау бөлімінде екі, хирургия бөлімінде 12, терапия бөлімінде 10, балалар және босану бөлімінде науқастар бар. Оларды қауіпсіз орынға көшіру мақсатында эвакуация жүріп жатыр. Жағдайы ауыр науқастар реаниматологпен, анестезиологпен және толық жабдықталған ИВЛ аппаратымен барады. Жатып баратын науқастар жедел-жәрдем көлігімен, отырып баратындар икаруспен қатынайды, - деді ауданның бас дәрігері Асұлан Абдрахманов.
Сонымен қатар науқастармен бірге емдеуші дәрігерлер ілесіп барады. Олар дәрі-дәрмектің барлық түрімен қамтылды. Қызметкерлер Бейнеу аудандық ауруханасына бара отырып, емдеу-сауықтыру жұмыстарына көмектеседі. Жалақысы іссапар ақысы негізінде төленеді. Ал аудандық аурухана жағдай тұрақталғанға дейін тек алғашқы көмек көрсетеді.