Ақтөбе қаласында “Ақпан айшықтары” атауымен республикалық би байқауы өткен еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Би сайысында ақтаулық заманауи-эстрадалық “Экзотика” би ансамблінің 5-6 жас аралығындағы бүлдіршіндері жүлделі 1, 2-орындарды иеленіп, облыс мерейін өсірді. Қанжығалары майланып қайтқан бүлдіршіндерді ата-аналары сый-құрмет көрсетіп, әуежайдан шашу шашып қарсы алды.
-Мұндай республикалық деңгейдегі жарысқа кіші топтағы қыздарымыз осымен екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Өткен жылы Оралда өткен би сайысынан да бірінші орынды иеленген болатын, бұл жолы да 1, 2-орындар бізге бұйырды. Бүлдіршіндердің өнерін әділ қазылар алқасының қатарында болған Бішкектен, Астанадан, Оралдан келген би саласының мықтылары жоғары бағалады. Кіші топта болса да, сахнада балалардың өздерін ұстауына әділ қазылар алқасы жоғары бағасын берді ,-дейді эстрадалық-заманауи “Экзотика” би ансамблінің жетекшісі Мария Герасимова.
“Экзотика” би ансамбілінің кіші топ құрамында Баян Баймұрат, Ясина Баймұрат, Тұмарым Таңғали, Әмина Хабидолла, Алуа Бектұрсын, Айымгүл Тұрлыбек, Айя Бақтыгерей, Жұлдызай Тумышева, Саида Өтебай өнер көрсетті.
Ал Мария Герасимова бұған дейін Ақтауда өтетін халықаралық деңгейдегі «Aktau Open Fest» дәстүрлі фестивалін жоғары деңгейде өткізіп жүрген білікті маман ретінде белгілі.