Мangystaumedia.kz сайты отбасылық бюджеттің лайықты өмір сүру мен қарыздарды өтеуге ғана емес, кірістен белгілі бір соманы үнемдеуге де жеткілікті болуы үшін оны қалай дұрыс есептеу керектігін мамандардан сұрауды жөн көрді.
Қаржы сарапшысы Асқар Имағанбетовтың айтуынша, ең алдымен өз шығыныңды санап отыруды әдетке айналдыру керек.
Сарапшы блокнот қолданып, электронды әмияндарды карталарымен байланыстыруға кеңес береді.
- Бұл сіздің шығындарыңызды анық көруге және өз шығындарыңызды одан әрі оңтайландыруға мүмкіндік береді. Екінші әдет – табысыңыздың 10%-ын ұзақ мерзімді депозитке жинау керек. Осылайша сіз өз мақсатыңызға – пәтер, көлік, оқу үшін оңай әрі ауыртпалықсыз ақша жинай аласыз, - деп атап өтті Асқар Имағанбетов.
Мысалы, жалпы айлық табысы 280 000 теңгені құрайтын екі адамнан тұратын жас отбасының материалдық жағдайын алайық. Жас жұбайлар өз пәтерлеріне ақша жинағысы келеді. Олар баспананы жалға алып жатыр. Олар үшін отбасылық бюджетті есептеу келесідей болуы керек:
280 000 теңгенің 10%ын, 28 000 теңгені ұзақ мерзімді депозитке салу керек. Тағы 35 мыңды банктегі жинақ шотына аудару арқылы ипотекаға қоюға болады. Коммуналдық төлемдерді қосқанда бір бөлмелі пәтердің орташа құны 85 000 теңгені құрайды. Азық-түлік пен қажетті заттарға кеткен шығындар – 80 000 теңге. Күтпеген шығындар үшін келесі айдың жалақысына дейін 52 000 қалдыруға болады.
Екі ересек және екі баладан тұратын отбасы үшін отбасы бюджеті сәл өзгеше болады. Мысалы, жалпы табыс 400 000 теңге деп алсақ. Мұнда ұзақ мерзімді депозитке 15% жібере аласыз - бұл 20 000 теңге. Коммуналдық қызметтерді төлеу – 20 000 теңге. 1-ші балаға мемлекеттік балабақшаға бару – 20 000 теңге. Азық-түлік сатып алу үшін 150 000 теңге қажет. Несие төлеу – 60 000 теңге. Көлік алуға 50 000 теңге және бір айға күтпеген шығындарға 70 000 теңге бөлуге әлі де мүмкіндік бар.
Асқар Имағанбетов өмірді сақтандыру қаржылық қауіпсіздік желісін құрудың қолайлы құралдарының бірі деп санайды.
– Бүгінде бұл өзекті болып отыр. Сіз өз өміріңізді жазатайым оқиғалардан сақтандырасыз немесе балаңыздың болашағы үшін шот ашуыңызға болады.
- Қалай болғанда да, нарықта сіздің қажеттіліктеріңізге сай әртүрлі пакеттерді ұсына алатын көптеген сақтандыру компаниялары бар, - дейді қаржы сарапшысы.
Шығындарды жоспарлауды бастау ешқашан кеш емес. Мәселен, Ақтауда «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды, оның аясында проблемалық қарызы бар облыс тұрғындары сауатты қаржылық мінез-құлық негіздерін игеріп, алаяқтардың арбауына түспеу және инвестициялаудың қыр-сырын үйрене алады.