Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен 17 шағынаудан №7 тұрғын үйдің жерасты паркингтерінде орналасқан көліктерге рейдтік іс-шара жүргізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға қалалық тұрғын үй инспекциясы, қалалық прокуратура, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық полиция басқармасы қызметкерлері және тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеменің өкілі қатысты. Рейд барысында тұрғын үйдің жертөлесіндегі паркингте газбен жабдықталған көлік иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды.
- Рейдтік іс-шараның мақсаты - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Рейд барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған азаматтар жауапқа тартылды. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнама талаптарын бұзған азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлесінде орналасқан паркинтерде газбен жабдықталған көліктерге кіруге тыйым салынады, - деді Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мақсат Шапхатов.