
Маңғыстау облыстық экология департаменті "Бозащы мұнай" ЖШС-на Қаратұрын кен орнындағы ұңғымадағы өрт оқиғасы бойынша жоспардан тыс тексеруді аяқтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Департаменттің мәліметінше, былтырғы 9 маусымда №303 ұңғымада бұрғылау құбырын көтеру кезінде табиғи газдың өртеніп, 200 тәулікке созылды.
Тексеру кезінде экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаны ластаушы заттардың бар-жоғына бірнеше рет өлшеулер жасады. Сондай-ақ олардың нәтижелері ауада метанның шамадан тыс мөлшерін көрсетіп отыр.
Жеті айға жуық болған өрт былтыр 25 желтоқсанда ғана ауыздықталған болатын.
«Биылғы қаңтар айында экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді. Онда экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы анықталды. Атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының метан бойынша 480 есе, мұнай өнімдері бойынша топырақта 168,13 мг/кг артқаны анықталды. Берілген рұқсатқа сәйкес ұңғыманы бұрғылау 2024 жылы басталуы тиіс болған. Бірақ бұл жұмыстар былтырғы мамыр айында басталды», - деді департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға келтірілген экологиялық залалды жою, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін сақтау бойынша ремедиация бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы нұсқама берді. Сонымен бірге, 4 әкімшілік хаттама жасалып, алдын ала есептеулер бойынша салынған айыппұл көлемі 350 млн теңгеден асқан.