Маңғыстаулық спортшы әйелдер күресінен VI жазғы спартакиаданың жүлдегері атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміз бойынша бозкілем шеберлерінің бәсекесінде маңғыстаулық Марал Тәңірбергенова қола жүлдеге қол жеткізді.
Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасы өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим спорт түрінен балуандар бақ сынады.
5 ақпан күні әйелдер күресінен 110 қатысушы бақ сынады. Олардың арасында 50 келі салмақта өнер көрсеткен маңғыстаулық Марал Тәңірбергенова үшінші орынға ие болды. Аталған салмақта Ақмола облысының спортшысы Эллада Махяддинова жеңімпаз атанды.
Марал Тәңірбергенова Александр Мухалев, Юлия Хамелис, Меруерт Дынбаева сынды білікті бапкерлер жаттықтырады.
Төрт жыл сайын өтетін ел ішіндегі Олимпиада аталып кеткен жарыс спорттың әр түрінен биылғы Қазақстан чемпионатының орнын баспақ.
Жарыстың ашылуы рәсіміне қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев бұл спартакиаданың маңызы зор екендігін және жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрамаға қосылып, биылғы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтынын жеткізді.
Жалпы күрес түрлерінен аталған спартакиадаға еліміздің 3 қаласы мен 17 облысынан 650-ге тарта спортшы жиналды. 3 ақпанда басталған күрес түрлерінің бәсекесі 8 ақпанда аяқталмақ.