Тәуелсіздік күні қарсаңында теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында Ақтау гарнизоны әскери бөлімдері арасында шағын футболдан турнир өтті.
Жарыстың басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық дайындықты дамыту, әскери қызметшілердің дене дайындығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету және командалық ұйымшылдықты нығайту, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Турнирге 11 команда және Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің жүзден астам офицерлері мен сержанттары қатысты. Олар - әскери-теңіз күштері, теңіз жаяу әскері бригадасы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы, әуе базасы, арнайы операциялық күштердің командасы, әскери полиция, сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі басқармасының екі командасы.
«Біз бұл турнирді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арнаймыз, бізде күшті армия және әскери қызметкерлер арасында мықты жауынгерлік рух бар екеніне сенімдіміз. Ақтау гарнизоны әскерилері арасында осындай іс-шаралар жиі өткізіледі. Бірнеше жылдан бері игі дәстүрге айналып, жыл өткен сайын біздің қызмет ауқымымыз да кеңеюде», - деді Теңіз жаяу әскері бригадасының командирі, подполковник Бердімұрат Әбибуллаев.
Турнирде Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі басқармасының басқарма командасы үздік деп танылса, екінші орынды Қарақия ауданы бойынша шекара бөлімі, үшінші орынды әуе базасы иеленді.
Жеңімпаздар кубок және дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, теңіз жаяу әскері футболдан бөлек, басқа да спорт түрлерінен турнирлерді жиі өткізіп отырады.