"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты Адамтас мемлекеттік табиғи қаумалы аумағында маусымдық құстар келе бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Наурыз айында маусымдық құстардан қоқиқаз, аққу, бірқазан, қашқалдақ, пен үйрек келген.
Қазақстанда бірқазанның екі түрі: бұйра бірқазан және қызғылт бірқазан тараған. Олар Каспий және Арал теңіздерін, Балқаш, Сасықкөл көлдерінің алабын мекендейді. Дене тұрқы 1,8 м-дей, салмағы 13 килограмға дейін жетеді. Тұмсығы өте ұзын, төменгі жақ сүйегінің астында созылмалы тері қапшығы болады. Бұйра бірқазан тұмсығының астындағы қапшығы әдетте ақшыл сары, ал көбейер кезде қызғылт сары болады. Аяқтары қысқа, қанаттары ұзын (60 – 80 см) және жалпақ, ал қауырсындары қызғылт немесе күміс түсті болып келеді. Бұйра бірқазанның желке қауырсыны жалданып, бұйра келеді, аты осыған сәйкес қойылған.
Бірқазан – топтанып жүретін құстар. Олар қоректерін (балықтарды) көбіне суқұзғындарымен бірлесіп аулайды. Суда жақсы жүзгенмен, сүңги алмайды, жемін суға басы мен мойнын батырып жіберіп ұстайды.