Әлеуметтік желіде Жаңаөзен тұрғындарының әйел адамды көлікке отырғызып, оны алаяқ деп айыптап жатқан видео тарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ер адам видеода жанында отырған әйелдің «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жұмысқа орналастырамын деп қомақты қаржы алып, алдап кеткенін айтады.
- Тілектес деген әйел «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жұмысқа аламыз деп алдады. Менің қарындасымды тақырға отырғызып кетті. Қарындасым біраз адамнан қарызға ақша алған еді. Бұл әйел жалған келісімшарт берген. Қаламызда алаяқ көбейіп кетті. Мына әйелді алдап шақырып алып отырмыз, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мақсат Амиров.
Сондай-ақ әйел адам видео түсіріп отырған адамның телефонын бірнеше рет қағып, қарсылық көрсеткенін байқауға болады.
Полицейлер екі әйелді ұстап, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
- Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді, - деп жауап берді МО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Махаббат Нұржанқызы