2022 жылы өнімдердің қауіпсіздігін тексеру мақсатында сауда орындарынан 3145 өнім сынамасы іріктеп алынып, зертханалық сараптамадан өткізілген. Оның ішінде балалалар ойыншығы, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар тексерілген,-деп хабарлайды mangystaumedi.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сараптама нәтижесі бойынша іріктеп алынған өнімнің 268-і санитариялық-эпидемиологиялық нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сәйкессіздік анықталған өнімдердің 84,3%-ы шетелдік өнімдерге тиесілі, қалған 15,7% отандық өндірушілердің үлесінде.
Атап айтсақ, 79,2%-ы (214 сынама) таңбалау талаптарының бұзушылығына қатысты. Онда өндірушінің мекенжайы, өнімнің сақтау шарттары, ЕАЭС белгісі, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі мен мемлекеттік тілдегі ақпарат көрсетілмеген.
Мониторинг шеңберінде балаларға арналған тауарлардың 190 сынамасы зертханалық сараптамадан өткізілді, оның ішінде 137 түрлі ойыншық сынамасы сатып алынып зерттелді, олардың 33%-ның (45 ойыншық) таңбалану бойынша талапқа сәйкес еместігі анықталды (барлығы шетелден әкелінген ойыншықтар).
Өндірістік тауарлар ішінде таңбалану бойынша сәйкессіздіктер парфюмерлік-косметикалық (9 сынама), адам терісімен жанасатын киім, аяқ киім (71 сынама), тұрмыстық химиялық және синтетикалық жуғыш (1 сынама), тағаммен жанасатын бұйымдарда (5 сынама) анықталды.
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындысы негізінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ҚР Заңнамасының талаптарына сәйкес, кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 59 ұйғарым беріп, оларға бұзушылықтарды болдырмау жолдары түсіндірілді.
Тексерулер нәтижесімен 2 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы соммасы 275 670 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтына ай сайын өнім қауіпсіздігін мониторингтеу барысында анықталған сәйкес келмейтін өнімдердің тізімі жарияланады. Сол сайт арқылы тұтынушылар өнімдер туралы мәліметтерді ала отырып, дұрыс таңдау жасай алады.
Департамент ТҰТЫНУШЫЛАРҒА сауда объектілерінен өнімдерді сатып алмас бұрын, олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарын талап етуге құқылы екендігін мәлімдейді.
Сонымен қоса, облыс тұрғындарына өнім сапасына қатысты туындаған мәселер бойынша қалалық және аудандандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына, қажеттілік туындаған жағдайда тауарларды зертханалық сараптамадан өткізу үшін Маңғыстау облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының қалалық, аудандық бөлімшелеріне хабарласуға болатынын ескертеміз.