Маңғыстау облысына Франция елінен келген туроператорлар өңіріміздің көрікті жерлері мен киелі орындарына саяхатын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, «4 Paralèlles 12 Méridiens» француз компаниясы Франция нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. (Қазақстандық серіктесі «Kazakh Incoming» компаниясы).
Қазақстан табиғатына аса қызығушылық танытқан шетелдіктер Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан секілді көрікті қалаларға Еуропадан саяхатшыларды әкеле бастады. Ал биыл туроператорлар Маңғыстау түбегіне саяхаттауға ниет еткен еуропалықтарға арнайы жеке тур ұйымдастырмақшы.
- Біз туристерді тұмса табиғат таңжайыптарымен, бұрын-соңды таңсық мекенмен таныстыруды мақсат еттік. Қазақстан маған қатты ұнайды. Өйткені айдын көл, заңғар тау, шөл, ну орман да бар. Қазақстан туристік әлеуеті аса зор мемлекет. Біз осы қырын еуропалықтарға көрсеткіміз келеді. Кешеден бері қаладағы қонақ үйлерді аралап жатырмыз. Тағамдары дәмді, жатын орындары таза. Маңғыстау өңірі адамдарымен, салт-дәстүрімен қатты ерекшеленеді. Еуропадағы Түркия, Испания секілді елдерден қалыспайды. Дегенмен мұнда әлі де инвестицияның қажет екенін мойындау керек. Сонымен қатар алдағы уақытта Франция мен Қазақстан арасында тіке чартерлік рейс ашылса, риза болар едік. Өйткені бізге Қазақстанға жету үшін бірнеше елді ұшып өту қажет, – деді туристік компания басшысы Ольга Сансон.
Туроператорлар бірнеше күн бойы өңірде Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата және басқа да жерасты мешіттерді соңдай-ақ Сартас, Қапамсай, Торыш, Тұзбайыр, Бозжыра шатқалы, Боқты тауы және басқа да көрікті туристік орындарды аралайды. Нәтижесінде келесі жылы арнайы тур маршрутын жасақтау арқылы Франциядан шетелдіктер келеді деп жоспарланып отыр. Аталған іс-шараға Маңғыстау облыстық туризм басқармасы қолдау көрсетіп жатыр.