Маңғыстау эвакуациялау пункттеріне атыраулық 128 жүкті әйел жеткізілді. Осы уақытқа дейін 15 бала дүниеге келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазір Ақтау қаласындағы эвакуациялық пункттерде атыраулық 1 500 адам бар болса, оның 900-і - балалар. Эвакуацияланғандар арасында жүкті әйелдер де бар. Медициналық пунктке келген әрбір жүкті әйелден деректер алынады және эвакуациялық пунктке қызмет көрсететін емханаға бекітіледі.
«Әйелдер, балалар және созылмалы аурулары бар адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша барлық медициналық көмекті ала алады. Жұмыс орны бойынша декреттік демалысқа жіберіледі. Медициналық ұйым сұраныс бойынша барлық қажетті анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын бере алады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.