Бейнеу ауданындағы Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-сінің орман қоры аумағында әр алуан гүлді өсімдіктер өседі. Соның бірі – құртқашаш гүлді өсімдігі. Бұл орман қорында құртқашаш гүлінің күлгін түсті түрі кездеседі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сам орман қоры аумағы құмды-шөлейтті болғанына қарамастан, құртқашаш гүлді өсімдігі құмды-шөлейтті жерге өсуге бейім екенін аңғаруға болады. Құртқашаш – табиғатта 250-ден астам түрі белгілі шөптесін өсімдік. Оның көптеген түрлерінің ішінде бір метрден асатын өте биіктері және тым аласа түрлері де бар. Әйтсе де олардың барлығының дерлік гүл күлтесі бірдей пішінде болады. Гүлінің түсі ақтан қоңыр қызылға дейінгі аралықта алуан түрлі.
«Құртқашаштың гүлдеу уақыты түріне қарай көктемге немесе жаздың басына сәйкес келеді. Табиғаттағы түрлері сәуір айында ерте гүлдесе, көгалдандырудағы түрлері мамыр, маусым айларында гүл жарады. Егер, өскен ортасы ыстық болса гүлдеуі 15-20 күнге, ал ауа-райы салқын болса 25-30 күнге созылады. Кейде құртқашаштың ұзақ гүлдегенін қалаған гүлпаздар оны көлеңкеге егіп, жаз ортасына дейін гүлдетіп жатады», - деді Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері.
Мәселен медицина ғылымының дәрігерлері сары құртқашаш (І. flavіssіma) өсімдігін дәрілік мақсатта пайдаланады. Ал жоңғар құртқашашы (І. songarіca) жапырағынан щетка жасау үшін ірі талшық алынады екен.