Ұлттық жол сапа орталығының басшылығы «Әділдік жолы» өкілдерімен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық ұйым мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою.
Семинар аясында ҚР КМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен «Әділдік жолы» РҚБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тармақтарында жол-құрылыс материалдары сынамаларын іріктеу, жол сапасына сараптама және диагностика жүргізу кезінде қадағалаушы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық бақылаушылардың қатысуы көзделген.
«ЖАСҰО» бас директорының орынбасары Арман Қайырбековтың мәлімдеуінше, ұлттық жол сапа орталығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында зертханалық сынақтар жүргізу кезінде процестерді цифрландыруға көшу бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.
- Жол-құрылыс материалдары сынамаларына QR-кодтау әдісін қолдану әдісі енгізілуде. Бұл жерде нысан немесе мердігердің атауы және материалдардың қай жерден алынғаны туралы ақпарат көрсетілмейді. Кәсіпорында жол-құрылыс материалдары сынақтарын жүргізу процестерін және сынақ жабдықтарынан деректерді автоматты түрде KazRoadLab бірыңғай базасына беруге мүмкіндік беретін автоматтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жерде зертханашы мәліметтерді қолмен жазып отырмайды. Ведомстволық сараптама порталы жұмыс процесін жеңілдетеді және жол жобаларындағы техникалық кемшіліктер мен тәуекелдерді жедел және сенімді анықтауға мүмкіндік береді. Адами факторды жоққа шығарады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Сондай-ақ, жақын арада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім нысандарды тұрақты бейнебақылаумен қамтамасыз ету жоспарлануда, - деді Арман Қайырбеков.