Маңғыстау облысында қыс айларынан бері қар, жауын-шашын толастар емес. Бұл тұрғыдан аймақта республикалық маңыздағы тас жолдарда су тасқыны болуы мүмкін қауіпті учаскелер белгіленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мамандардың пайымдауынша «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолының 640-641 шақырымында, сондай-ақ «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түркіменстан Республикасы шекарасы» жолының 124-133 шақырымы аралығын тасқын су шаю қаупі бар.
Оның алдын алу және салдарын жою мақсатында «Кажсервис» мекемесінің қызметкерлері 14 арнайы техника көмегімен жұмыс атқарып жатыр.
- Сонымен қатар, тасқын суды бөгеу үшін 1 мың текше метр құм және 500-ге жуық қапшық әзірленді. Бұл материалдар жолдарда көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету үшін қолданылады. Сондай-ақ, тасқын су болуы мүмкін жол учаскелерінде тәулік бойы мониторинг жұмыстары жүргізіп жатыр, – деп жазылған "Қазавтожол" ұлттық компаниясының Маңғыстау облыстық филиалының хабарламасында.