Маңғыстау облысында «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуының салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шара Каспий теңізінің жағалауында болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға Қазақстан Қарулы Күштерінің қолбасшылығы, оқу-жаттығуға қатысып жатқан елдердің делегация басшылары, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жағалауға жиналғандар Қазақстан мен Әзербайжанның әскери кемелерін бақылай алды. Экипаж қызметкерлері толықтай арнайы киім киіп, палубада сапқа тұрды.
Амфитеатр алаңында бес елдің қарулы күштерінің бөлімшелері оқу-жаттығуға дайын екендіктерін көрсетті.
Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әнұрандары орындалып, тулары көтерілді.
Қатысушыларды Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының басшысы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады.
Ол «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуының мақсаты қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып әзірленгенін атап өтті.
Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау барысында әскери контингенттер бірлескен басқару жүйесін өрістету, жедел және тактикалық деңгейде іс-қимылдарды жоспарлауда тәжірибе жинайды. Оқу-жаттығу бөлімшелердің далалық, теңіздегі және әуедегі машықтарын арттыруға ықпал етеді.
«Бірлестік» халықаралық оқу-жаттығуының тактикалық эпизодтары «Оймаша» полигонында және Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Тоқмақ мүйісінде өтетінін естеріңізге сала кетейік.