Маңғыстауда 16 мамыр мен 5 шілде аралығында елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді. Тестілеуге Маңғыстау облысы түлектерінің арасынан 15 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, Маңғыстау облысының мектептерін 8 070 оқушы аяқтады. Олардың көпшілігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Енді алдымызда Білім беру гранттарының конкурсынан өтініш беру үлкен науқаны тұр. Республика бойынша 2024-2025 оқу жылында жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 79 мыңнан аса білім гранты бөлінді.
- Бұдан басқа, халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранттары, оның ішінде Маңғыстау облысы түлектері үшін 43 ЖОО-на 2 000 білім гранты бөлінді. Оның ішінде, педагогикалық ғылымдар саласына – 274, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 90, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат саласына – 122, бизнес, басқару және құқық саласына – 190, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика саласына – 70, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 565, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 589, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына – 30, қызмет көрсету саласына – 70 білім гранты бөлінді, - деді Гүлмира Мамаева.
Брифинг барысында Есенов университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ерсайын Жалғасов бакалавриат, магистратура және докторантураға түсу үшін келесі оқу жылына арналған гранттардың тізімімен таныстырды.
- Барлығы 112 мың грант бөлінді. Сондай-ақ, гранттардың ең көбін келесі білім беру бағдарламаларының топтары алды:
«инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» - 19 344 грант;
«Педагогикалық Ғылымдар» - 13 735 грант;
«ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» - 10 903 грант;
«жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» - 8 288 грант. Барша студенттерге сәттілік тілеймін, - деді Ерсайын Жалғасов.
Айта кетейік, аталған білім гранттары конкурсына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында Есенов университеті базасында жүргізіледі.
Бұдан басқа жергілікті бюджет есебінен 175 білім гранты бөлінді, оның ішінде денсаулық сақтау саласына – 140, инженерлік, өңдеу жәнеқұрылыс салаларына – 2, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына – 11, қызмет көрсетусаласына -1, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 21 білім гранты бөлінді.