Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов «Көңдіқұдық-Тұщықұдық» су құбырының құрылысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық Коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Бүгінде Көңдіқұдық пен Тұщықұдық ауылдарын жалғайтын су құбырының
құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Іс-сапар барысында жауапты тұлғалар Жаңаорпа-2, Ащыбұлақ-1 және 2- шағын аудандарын сумен қамту жұмысының бірінші кезеңінің алаңына барды. Ғалымжан Ниязов халықты сумен қамту кезек күттірмейтін мәселе екеніне ерекше назар аударды. Оның мәлімдеуінше, сумен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталысымен Шебір, Тұщықұдық ауылдарының халқына су құбыры пайдалануға беріледі.
Айтып өтер жайт, бұған дейін ауыл тұрғындары Астрахань-Маңғышлақ (Қиғаш) су құбырымен келетін ауыз суды пайдаланып келді.
- Аталған шағын аудандардың бірі Жаңаорпа- 1 де, 2012 жылы 500 тұрғын үйге су құбыры тартылған болса, былтыр 1040 үйге шамамен ұзындығы 57 шақырымды құрайтын су құбыры жүргізілген болатын. Онымен қоса, жұмыс тобы сумен қамту жұмысының 2-кезеңінде "Қарақұдық" кен орнындағы 8 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарының басталуымен, су тазартатын құрылғы мен көлемі 400 м3 және 2000 м3 құрайтын резервуар құрылыстарының орналасу жобасының барысымен танысты. Жалпы аудан халқын, яғни аталған шағын аудандарды мөлшерлі деңгейде сумен қамту мәселесі шамамен жыл соңына қарай шешіледі ,- деді Ғалымжан Ниязов
Сонымен қатар, ұңғыма қазуға жауапты мекеме директоры Асқарбек Сайынұлы жұмыс барысы жөнінде баяндады.
- Бүгінгі күні қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда 10 адам жұмыс жасауда, тағы бірнеше жігіт жұмысқа тартылды. Жер асты суын тарту күрделі жұмыс , сорғы құрылғылары арқылы істі жүзеге асырудамыз. Табиғи жер асты ауызсуына қол жеткізу үшін біраз уақыт талап етеді. Бастама нәтижелі болса суға қатысты мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін,- деді Асқарбек Сайынұлы
Айта кетейік, нысан басында гидрогеолог Автандил Гавашелишвили жерасты су қорына қатысты ақпаратпен бөлісіп, мәселенің түйткілді тұстарына тоқталды.
-Менің ойымша, Шетпе кентіндегі су құбырларының мәселесі шешілсе, жұмыс жеңілдеуі мүмкін.Бұл мәселе өкінішке орай 1 күнде бітпейді. Ал, біз тұрған шағын жер аумағының биыл бітіп-бітпеуі де беймәлім. Инфрақұрылым реттелуі қажет. Онымен қоса, мықты мердігерлермен жоспарлы жұмыс жасап, артылған жауапкершілікті жоғарғы деңгейде алып шығумыз керек,-деді гидрогеолог Автандил Гавашелишвили.