Маңғыстау облысында жыл басынан бері 6 адам суға батып қайтыс болды. Оның екеуі бала. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, жаз маусымы басталысымен департаменттің 9 мобильді бекеттері күнделікті кезекшілік атқарып келеді, ал демалыс және мереке күндері күшейтілген кезекшілік ұйымдастырып, 17-ге дейін көтереді. Күні бүгінге дейін тиісті департамент қызметкерлері 10 адам құтқарды.
-Облыс тұрғындары мен қонақтар демалыс ұйымдастырған кезде қауіпсіздік ережелерін естен шығармауы тиіс. Күнделікті теңіз жағасында профилактикалық рейдтер жүргізіледі, бірақ төтенше жағдайға әсер ететін ең маңызды фактор көбінесе судың жанында болған кезде өз күштерін асыра бағалайтын және қауіптілік деңгейін жете бағаламайтын адамның өзі болады. Көбінесе алыс қашықтыққа жүзу, дауылды ауа-райында шомылу, өз мүмкіндігін асыра бағалау, мас күйінде шомылу, бұлшықет құрысулары, үрлемелі жүзу құралдарының жағадан алыстап кетуі, биіктіктен секіру сияқты себептер қайғылы жағдайға әкеледі. Ең бастысы балаларға ересектерсіз суға түсуге және балаларды қараусыз қалдыруға болмайды, - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Сондай-ақ, брифингте Ақтау қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бастығы Ерлан Отаров тыйым салынған жерлерге суға түскен жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын ескертті.
- Баршаны тыйым салынған аймақта суға түспеуге шақырамын. Суға түскен жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігіне тартылатындарыңызды ескертеміз. Сондай-ақ, суға түсуге болатын жерлерде шомылсаңыз, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмауларыңыз сұралады, - деді Ерлан Отаров.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Махмутовтың айтуынша, былтыр суға бату фактісі бойынша жедел-жәрдем қызметіне 23 қоңырау келіп түссе, биыл жаз маусымы басталмай жатып 16 қоңырау келіп түскен. Яғни, қоңыраулар жыл сайын көбейіп келеді.
-Осыған байланысты ең алдымен, инфаркт алған, инсульт алған тұрғындардың ыстық кезде шомылмауына кеңес беремін. Сондай-ақ, алғашқы көмек көрсету адам өмірін едәуір сақтайтынын атап өткім келеді. Суға батқан адамдарды құтқару кезінде бірден денені етбетімен жатқызып, арқасын ұру арқылы тыныс алу жолдарынан суды шығарып тастау керек. Егер науқаста импульс болмаса, сіз жасанды тыныс алуды және жанама жүрек массажын тезірек бастауыңыз қажет. Статистикаға сәйкес, алғашқы минуттарда осы көмекті көрсеткен кезде науқасты 80-90% жағдайда құтқара алады, ал 10 минуттан кейін көрсетілген көмек пациенттердің 10% ғана құтқарады, - деді Асқар Махмутов.