Бейнеу ауданы бойынша пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында «тұрақты жұмысқа орналасу» атты жәрмеңке ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Бейнеу аудандық пробация бөлімшесінің есебінде қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталған 65 адам бар. Олар негізінен шартты мерзімге, бас бостандығын шектеу жазасына, түзеу және қоғамдық жұмыстарға, жазасын өтеуді кейінге қалдыру секілді жаза түрлеріне сотталғандар.
Пробация бөлімшесінің қызметкерлері сотталғандармен және олардың отбасы мүшелерімен профилактикалық сұхбаттасулар жүргізіп, заң талаптарын сақтау құқық бұзушылықтың алдын алатынын түсіндірді. Тұрғылықты мекен-жайлары бойынша бақылауға алып, сотталғандарды түнгі уақытта тексерулер жүргізді.
Сондай-ақ, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында бірқатар шаралар өткізілді. Аудандық мансап орталығымен бірлесіп, пробация қызметі есебінде тұрған жұмыссыз тұлғаларды жұмысқа тұрғызу үшін «Тұрақты жұмысқа орналасу» атты жәрмеңкесі өтті. Шараға бірқатар мекемелер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды.
Нәтижесінде 2 сотталған адам «Газреммонтаж»,1 адам «СК А-Строй Монтаж» мекемесіне, 1 адам «Асу ойл» ЖШС-іне жұмысқа орналасты.