Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ақтау теңіз-сауда порты» қызметкерлерімен бала тәрбиесі мәселесі бойынша кездесу өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Ақтау қаласы әкімі жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Гүлзира Есетова, «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігі қамқоршылық кеңесінің төрайымы Раиса Маденова және облыстық білім басқармасы жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Аллаберген Қонарбаев қатысты. Спикерлер тақырыбында отбасы құндылықтары және бала мен ата-ананың қарым-қатынасы тақырыбында сөз қозғады. Қатысушылар спикерлерге өз сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
-Негізгі мақсат - отбасы институтын нығайту. Ақтау қаласы әкімі жанындағы «Аналар кеңесі», облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы демографиялық комиссиясы аудан және қалаларда мекеме қызметкерлерімен, яғни ата-аналармен кездесу ұйымдастырып отырады. Шара ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған. Бұл кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Ақтау қаласы әкімі жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Гүлзира Есетова.