Маңғыстау облысының прокуратурасы жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік бағдарламаларын дамытуға бюджетке ақшалай қаражат төлеу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді орындамау фактілерін анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің 5-бабына сәйкес, мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы қамтамасыз етілетіні белгілі. Жер қойнауын пайдалану құқығы - лицензиясы бар болған кезде мемлекетпен келісімшарттар жасасу арқылы беріледі.
Бұл ретте белгіленген салық және өзге де төлемдерден басқа, жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік дамуына нысаналы ақшалай қаражат бөлуге міндетті. Басқаша айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіру және пайдалану арқылы жергілікті бюджетке ақшалай қаражатты аударуға міндетті, кейіннен бұл қаражат әкімдікпен мектептер, ауруханалар, балабақшалар және азаматтар үшін басқа да пайдалы нысандарды салу үшін қолданылады.
Алайда, прокуратураның талдауы бойынша облыстың жекелеген жер қойнауын пайдаланушылары әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған қаражатты бюджетке төлемей өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған. Алдын ала деректер бойынша, орындалмаған міндеттемелердің жалпы көлемі 483 миллион теңгені құрап отыр.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша көрсетілген қаражат бюджетке өндіріліп алынды. Қазір келісімшарттық міндеттемелерді орындамаудың басқа да фактілерін анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.