Кеше 25 қазан КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойына арналған марафон өтті. Марафон барысында белгіленген маршрут бойынша ерлер мен әйелдер арасында 16 жастан жоғары 10 шақырымда әуесқойлар, 18 жастан жоғары 21 шақырым қашықтықта кәсіпқойлар сынға түсті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа Қазақстан, Ресей , Украина, Әзірбайжан, Түркия, АҚШ мемлекеттерінен жүгірушілер қатысты.
10 шақырымды бірінші жүгіріп өткен Ақтөбе облысының спортшысы Ислам Аманқос 1 орын, алматылық Нұрысбек Сексембай 2 орын, ал 3 орынды атыраулық Еркебұлан Аташов жеңіп алды. Ал қыздар арасында алғашқы болып Орал қаласының спортшысы Нұргүл Орынбасар, 2 орында алматылық Асем Кабдуш, 3 орында Ақтау қаласынан Арина Қуанышова жүгіріп өтті.
Ал 21 шақырымда кәсіпқойлар арасында алғашқы болып мәре сызығын алматылықтар, атап айтқанда Рақымжан Келманов пен Александр Антонов, Аман Нұркелді кесіп өтті. Қыздар арасында шымкенттік Ақбілек Құралбай 1 орын, ақтаулық Гүлнұр Елемесова 2 орын, Алматы қаласынан Гүлжанат Самигулиева 3 орын иеленді.
Айта кетейік, Әмин Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойы аясында Маңғыстау облысында көптеген шаралар ұйымдастырылуда.