Маңғыстау облысының полиция департаментінде ювеналды полиция қызметінің жылдық қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2023 жылы облыста 5 967 кәмелетке толмаған жасөспірімнің түнгі уақытта жүргені анықталды. Ал 161 жасөспірім тыйым салынған уақытта ойын-сауық орындарында болған.
Сондай-ақ күнделікті жүргізіліп жатқан жедел профилактикалық және рейдтік іс-шараларға қарамастан жасөспірімдер арасында бұзақылық, топтасып төбелесу жиі тіркеледі. Соңғы бір жылда кәмелетке толмағандардың 3 мыңға жуық бұзақылық фактісі тіркелген.
Десе де кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 11,8 пайызға төмендеген. Қазір жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бөлім басшылығының тікелей бақылауында.
Жұмыс сапасын арттыру және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында басқарма басшысы ювеналды полиция қызметкерлеріне жұмысқа арналған жеті компьютер мен екі жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ жыл соңында 6 қызметкерге басқарма басшысының атынан сертификат берілді.