Сүлейменшілер діни ағымына қатысты “ЖІБЕК ЖОЛЫ” ұйымының “Жания ана” пансионатының балаларға діни дәріс беруге рұқсаты жоқ. Мекеме қайырымдылық қор ретінде тіркелген, әрі сабақ өтіп жатқан орын талаптарға сай келмейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Білім бөлімі және полиция қызметкерлері, төтенше жағдай қызметі аталған пансионатқа қатысты тексеру ұйымдастырды. Шара барысында пансионат ғимаратында санитарлық және өрт- қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғандығы анықталды.
- Полициядан бізге Басқұдық ауылындағы №14 мектеп гимназиясы директорынан қызметтік хат түскені туралы шағым жетті. Онда «Жания ана» қайырымдылық қорында 13 қыз бала тәрбиеленіп жатқаны, санитарлық жағдай талаптарға сай емес екені айтылған. Жоспардан тыс тексеру барысында төсек орны, ішетін тамақтары да қойылған талаптарға сай емес екені анықталды. Медициналық қызметтер сапасыз көрсетіліп келген. Спорттық алаң сынды балаларға жағдай жасалмаған. ҚР Әқбтк 425-баптың 1-бөліміне сай айыппұл салынды, - деді Мұнайлы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ботагөз Исаева.
Ал Мұнайлы аудандық төтенше жағдайлар қызметі бөлімінің басшысы міндетін атқарушыі Нұрберген Сақтағановтың айтуынша, пансионат қауіпсіздік талаптарын да сақтамаған.
-Тексеріс нәтижесінде 17 кемшілік анықталды. Оның 1-еуі өрескел кемшілік. Әқбтк-тің 1 және 4-баптарына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Осы кодекстің 336-бабының 1 -тармағы бойынша 369 мың теңге айыппұл салынды, - дейді Нұрберген Сақтағанов.
Мамандар ата-аналардан балаларын жазғы лагерь, пансионат сынды орындарға беруде мұқият болуды сұрайды.
Белгілі болғандай, аталған мекеме сүлейменшілер діни ағымына қатысты “ЖІБЕК ЖОЛЫ” ұйымына тиесілі. Бұған дейін де Қазақстанда «Сүлейменшілер жамағаты» қайырымдылықты бүркемеленіп жабық медресе жүйесі негізінде пансионаттар арқылы әрекет еткені белгілі.
Кәмшат Сарсенбаева