Мамырда Маңғыстау облысына «DOVE», «The Good Life» және «National Geographic» жетекші travel-басылымдарының журналистері келді. Негізгі мақсаты - елдің туристік әлеуетімен танысу және әлемдік деңгейде жариялау, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Туристер тур бағдарламасы бойынша өңірдің басты көрікті жерлерін оның ішінде Қапамсай және Шақпақты каньондарын, Шақпақ Ата мешітін, Торыш шарлар алқабын, Шерқала және Көкқала тауларын, сондай-ақ Тұзбайыр мен Бозжыраның панорамалық көріністерін тамашалады.
Қатысушылар жергілікті ауылдарды, визит-орталықтарды және дәстүрлі киіз үйлерді аралап, қазақ қонақжайлығы мен көшпелі тұрмыс атмосферасына еніп, Қазақстанның мәдениеті және тарихымен танысты. Итальяндықтар Маңғыстау өңірінің тұмса табиғатына тамсанып, ерекше көрікті екенін атап өтті.
Ақпараттық тур итальяндық жиһанкездерге Қазақстан туризмі жайында жан-жақты ақпарат беруге, еліміздің туристік оң имиджін қалыптастыруға әсер етпек. Ақпараттық турға қатысқан журналистер материалдарын "DOVE", "The Good Life" және «National Geographic» сияқты жетекші итальяндық және халықаралық басылымдарда жариялайды. Бұл Маңғыстау облысы мен басқа өңірлерде де Қазақстанның туристік бағыттарының алуан түрлілігіне назар аударуға көмектеседі.