Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті міндетті әскери борышын өтеген сарбаздарға қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификат берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz әскери ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы, бірінші дәрежелі капитан Данияр Малчубаев грант иегерлеріне адал қызметі үшін алғыс айтып, оқуына сәттілік тіледі.
Салтанатты шараға сарбаздардың ата-анасы да қатысты. Олар грант отбасыға түсетін салмақты жеңілдететін мүмкіндік екенін атап өтті.
Бейнеу аудандық шекара бөлімшесінің Ақшымырау шекара бөлімінде әскери борышын өтеген запастағы ефрейтор Бағлан Амантаев әсерімен бөлісті. Айтуынша, жас жігіт әскери борышын өтегеніне өте қуанышты. Енді ол әскери қызметін өтеген соң оқуын бітіріп, техникалық маман болуды жоспарлап отыр.
– Берілген грант бойынша биыл Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне түсе аламын. Бала кезімнен инженер болуды армандадым, әскери қызметімнің арқасында арманым енді орындалады. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне тегін оқуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», - дейді болашақ студент.
Департаменттің кадр жұмысы бөлімінің аға офицері майор Батырбеков биыл көктемде 200-ден астам сарбаздың әскерден шығарылғанын, олардың 8-і білім грантына ие болғанын, соның ішінде 4 сарбаз Маңғыстау облысының тумасы екенін атап өтті. Іріктеу кезінде төрт негізгі критерий ескерілді: жауынгерлік дайындық деңгейі, арнайы міндеттерді орындау сапасы, әскери қызметшінің психологиялық жағдайы және жеке тәртіп. Биыл барлығы 175 сарбаз бен матрос Шекара қызметінің білім грантына ие болды.
Бөлімше командирлері әскерге шақырылғандарды ынталандырудың жаңа бағдарламасы үлкен жетістік екенін атап өтті. Себебі жаңашылдықтан кейін сарбаздар мен матростар жауынгерлік дайындықта жақсы нәтиже көрсете бастады, бөлімшелердегі тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуал жақсарған.