Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевпен бірлесіп жаңа су тұшыту зауытының құрылысын бастады. Жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын Тоқмақ (Қарақия ауданы) жерінде теңіз суын тұшыту зауытын салу Жаңаөзен қаласы халқының ауыз суға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңаөзен қаласы Еділ суын Қиғаш өзені арқылы "Астрахан-Маңғышлақ" құбырынан алып, тұтынады. Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарындағы бірқатар елді мекендердің халқы үшін судың жалғыз орталықтандырылған көзі. Су тұтыну көлемі халық санының өсуіне және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына байланысты жылдан-жылға артуда.
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Маңғыстау облысына сапары барысында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға сумен жабдықтау мәселесін шешумен айналысуды тапсырды. Өңірде осы міндетті орындау үшін бірнеше жоба белсенді іске асырылуда. Олардың ішінде Тоқмақ аймағында су тұшыту қондырғысын салу жобасын атап өткен жөн. "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес мекемесі-"Өзенмұнайгаз" әзірлеген бұл жобаны іске асыру "Астрахан-Маңғышлақ" су құбырынан су тарта отырып, Жаңаөзен қаласы мен басқа да елді мекендердің тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл туризмді, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға мультипликативті әсер етеді. Сондай-ақ халыққа жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал болады, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Мағзұм Мырзағалиев өңірдің әлеуметтік даму саласында жоба стратегиялық маңызды болып табылатын айтты.
- Компания орналасқан жердегі қызметкерлеріміздің және ондағы тұрғындардың тың әлеуметтік жай-күйін қалыптастыру, біздің жұмысымыздағы маңызды басымдылықтардың бірі. Бұл Мемлекет Басшысының Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін ауыз су тапшылығы мәселесін түбегейлі шеше отырып, сапалы әрі қысқа мерзімде орындалуы тиіс деген тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан жоба, - деді “ҚазМұнайГаз” АҚ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Су тұшыту зауытының құрылысы өңір үшін жүздеген жаңа жұмыс орынын қалыптастырады. Құрылыс кезеңінде 240-тан астам адам, ал зауыт жұмысын бастаған соң 100-ден астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтап, 2025 жылдың көктемінде зауытты жобалық қуатқа шығару жоспарланған.