3 қыркүйек күні Ақтауда «Болашаққа бастай бер, түбек төрі» атты Мұнайлы ауданының мәдени күні өтті. Аталған іс-шара Маңғыстау облысының 50 және Ақтау қаласының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдени күн аясында бірқатар іс-шаралар өткізілген. Мұнайлы ауданының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар, аудандық қолөнер шеберлерінің көрмесі және мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде азық-түліктер нарықтағы бағадан төмен сатылды.
Сонымен қатар амфитеатр алаңында гір тасын көтеру, қол күрес және спорттық эстафета ұйымдастырылды. Спорттық ойындарға аудан жастары мен қала тұрғындары қатысты. Ал қолөнер шеберлерінің көрмесінде құрақ көрпелер, ұлттық киімдер мен сөмкелер ұсынылды. Әсіресе әр түрлі пішінде жасалған сабындар қала тұрғындарының назарын аударды.
Мәдени іс-шара мерекелік концертке жалғасты. Кеште күмбірлеген күй мен әуезді әндер шырқалды. Аудан өнерпаздарының орындауында «Мерейлі мекенім - Мұнайлы» әні шырқалып, концертте «Қазына» әжелер ансамблі де өнер көрсетті. Кеште Әділ Аяпберген пен Нұрдәулет Абадов «Ақтауым ару - әз мекен», Әділ Темір «Жарық шамдар», Гүлнар Ыбырай мен Виктория Магомедқызы «Арман әнім», Жансая Өтелгенова «Қыз дәурен – ән дәурен» атты әндерін орындап, көптің көңілінен шықты.