DJ Аzi Ray лақап атымен танымал Азиза өзінің жаңа туындысын Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында орындады. Әлеуметтік желі қолданушылары музыкалық туындымен қатар, бейнероликтегі әсем табиғатқа ерекше тамсанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
16 тамыз күні Азиза есімді қазақстандық DJ Instagram желісіндегі парақшасында «Silk Sound» атты Маңғыстау облысында түсірілген тұңғыш бейнеролигін жариялады. Ол өзінің жазбасында бұндай форматтағы видеоларды бірінші рет түсіргенін айтқан.
- Өте әсем табиғат, ерекше жер. Өзімнің бүкіл сезімімді музыка арқылы жеткізгім келді. Сіздер де сол сезімді сезінесіздер деген ойдамын,- деді Азиза.
Ал әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі әуеннің «Iphone» маркалы телефонының рингтонына ұқсайтынын жазған.
Маңғыстау облысы туризм басқармасы басшысы Мәулен Ғабдулқалиев жаңа ролик облыста туризмді дамытуға бағытталған жаңа қадам екенін айтады.
- Инстаграм желісінде күнделікті қаралым жинап жатқан DJ Azi Ray лақап атымен танымал Азизаның бейнеролигінде де Бозжыра шатқалы көпшіліктің назарына ілінгені сөзсіз. Сондықтан да бұндай видеолар, клиптер туризм саласына пайдалы,- деді Мәулен Ғабдулқалиев.
Сонымен қатар ол өңіріміздің оңтүстік және солтүстік бағытында 200-ге жуық тарихи-мәдени орындар бар екенін айтты.
- Саяхатшылар көбіне түбектің оңтүстік беткейіне саяхат жасайды. Яғни туристер «Бекет ата» жерасты мешіті мен Бозжыра шатқалының тұмса табиғатын көруге арнайы ниет етіп барады. Жалпы санамалағанда өңірде 13 000-нан астам тарихи-мәдени,өлкетану ескерткіштер мен орындар бар. Яғни мәдениет саласына біздің туристік аймақтардың қосар үлесі мол,- деді Мәулен Ғабдулқалиев.